Амандығын тілеймін. Өтседағы қанша қыс пен көктем күз, Арманымыз-тым алысқа кеткен қыз. Бір-бірінің амандығын тілейтін, Қаны таза, қазақ дейтін текті елміз. Жарық берген өмір дейтін арнадан, Аналардай адал болар бар ма адам?! Жамандығын ұл-қызының жасырып, Амандығын тілейтін бір Алладан. Әке деген жарқыраған жұлдызың. Отбасының тіреп тұрған бір құзын. Көңілінен шығу қиын болғанмен, Өмірінен артық көрген ұл-қызын. Қыз ибалы, істің тапса ұл ебін, Әкең қамал, анаң болар тірегің. Әр атқан таң шүкір етіп барымның, Жаратқаннан амандығын тіледім. Бауырлар-ай неткен ғажап есімің, Балалықтың бірге ашқан есігін. Сөздеріммен ренжітсем кей кезде, Өздеріңнен сұрай келдім кешірім! Егізіңдей әр ісіңе қосқан үн, Аман болсын, тақпа оған босқа мін. Мың ғасырға үлгі болып қалса екен, Бір ғасырда бір туатын достарым. Қиналғанда көтеретін жүгіңді ел, Бейбіт күнде ойнап мәңгі күліңдер. Ақындарың амандығың тілейді, Жақындарым аман-есен жүріңдер! Әр адамның өзгеше бір тағдыры, Біреу кедей, ал біреудің тарлығы. Ауылдасым, ағайын мен көршілер, Ауырмасын аман болсын барлығы! Елімізде болмасын еш жамандық, Өзгелерге сыйыменен адам құт. Қалсаңыз да кейде маған өкпелеп, Баршаңызға тілейтінім амандық! Алаштың баласы - Еркінғазы Айтбаев.

Теги других блогов: қазақ әдебиеті қазақ қоғамы Алаш